«Ұлттық тәрбие-балабақшада»
«Баланы өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның
тәрбиесімен тәрбиеле» дейді қазақ даналығы. Қазіргі заманда бала
тәрбиесіне ерекше мән беру қажет. Себебі, баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу
деген сөз. Отбасы
– қоғамның бір бөлшегі. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген бала
ержеткенде сол әдетін сақтайды. Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы
тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес
пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар
өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер
үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны
сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала
тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бала жас тал болса, ал ересектер
оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші
тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді.
Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы
керек. Бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік,
инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру –
тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады. Ұлттық тәрбиенің негізі отбасында қаланып, балабақшада
әрі қарай жалғасын табады. Сондықтан баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беруде
отбасы мен балабақша өзара тығыз байланыста болуы тиіс. Біздің балабақшада да
бұл іс әрекет дәстүрге айналған. Ата-аналар бала тәрбиесіне бағытталған іс
шараларға белсенді түрде зор қызығушылықпен қатысады. Себебі ата-ана мен
балабақша әр баланың бойына ұлттық тәрбиенің негізін сіңіру керек. Балабақша –
бала тұлғасының қалыптасып, білім нәрінің бастау алатын алғашқы білім ошағы.
Балаларды балабақшадан бастап ақылдылыққа, алғыр ойға, тілдік шешендікке,
ісмерлікке баулу – ұлттық тәрбиенің басты мақсаты, біздің білім беруіміздің
негізгі міндеті.
Тлеубердинова Ақжол Зухановна.
Аршалы ауданы,
«Светлячок» балабақшасының
«Күншуақ» тобының
тәрбиешісі.